Негізгі Жаңалықтар АБАЙ ӨСИЕТІ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

АБАЙ ӨСИЕТІ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Абайды оқу – өткенді тану ғана емес, өзіңді тану. Ұлы ойшылдың өнегелі өсиетін ұлықтаған жастар Шымкентте бас қосты. 10 тамыз – Абай күніне орай ұйымдастырылған поэзия кешінде қатысушылар ақынның жауһар жырларын жатқа оқып, қазақ әдебиетінің асыл мұрасын насихаттады. Өнер додасында үздік шыққандар қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Абай әлеміне қызығушылық танытқан жастардың қатары аз емес. Байқауға қатысуға 14 пен 35 жас аралығындағы 30-ға жуық жас өтінім білдірген. Шара туралы ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, 100 мыңнан астам оқырманы бар танымал парақшаларда жарияланған. Нәтижесінде поэзияға құштар, өнерге жақын жастар бір алаңда тоғысты. Әр қатысушы Абайдың шығармаларын өзінше сөйлетті. Бірі ақынның терең философиясын жеткізсе, енді бірі өлеңнің әр жолына ерекше мән берді. Жеңімпаздарға да қомақты сыйақы қарастырылған. Бірінші орын иегеріне – 100 мың, екінші орынға – 70 мың, үшінші орынға 50 мың теңге табысталды.


ЖАНСЕРІК БАУЫРЖАНҰЛЫ, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
10 тамыз – Абай күні елімізде жоғары деңгейде тойланды. Бүгін Шымкент қаласында қалалық әкімдіктің қолдауымен, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Абай күніне орай қазақ әдебиеті мен Абай шығармаларынан поэзия оқу кеші өтуде. Бұл шарамызға 30-ға жуық жас өтінім білдірді. Шараның өтетіні туралы әлеуметтік желілерде арнайы хабарландыру жарияланды. 100 мыңнан астам оқырманы бар танымал парақшаларда жариялаған болатынбыз. Соның арқасында поэзияны сүйетін, өз өнерін бағалайтын және осы шарада жеңіске жетуге мүмкіндігі бар жастар қатысуда.

Жас ақындар мен өлеңсүйер қауымның басын қосқан кеште Абайдың әрбір сөзіне ерекше мән берілді. Қатысушылар өлеңдерді мәнерлеп оқып қана қоймай, ақынның терең ойын көрерменге жеткізуге тырысты. Солардың бірі – №52 мектеп-лицейінің оқушысы Балнұр Есен. Жас өрен Абай шығармашылығымен мектеп табалдырығын аттаған кезінен танысып, ақынның өлеңдерін жаттап келеді. Бүгінде ол хакім мұрасын сахнада нақышына келтіре орындап жүр.

БАЛНҰР ЕСЕН, №52 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ
 Абай Құнанбайұлын мен кішкентай кезімнен, бірінші сыныптан бері «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастап оқып келе жатырмын. Бұл өлеңді 1895 жылы үлкен философиялық терең мағынамен жазған болатын. Бұл шығарманың мағынасы – адамның өзі өмірден өтіп кетсе де, оның игі ісі мен жаны мәңгі тірі екенін айтады.

 Абайдың әрбір сөзі – ұрпаққа бағыт, әрбір өлеңі – өмірлік сабақ. Сондықтан хакім мұрасын жас буынға таныту – уақыт өткен сайын маңызын арттыра түсетін міндет. Ұлы ақынның туған күнінде басталған рухани шара мұнымен тоқтамайды. Ұйымдастырушылар Абайға арналған поэзия кешін дәстүрлі түрде жалғастырып, жастардың шығармашылық бастамаларына қолдау көрсетпек. Ал рухани эстафета 12 тамыз – Халықаралық жастар күні қарсаңында да жалғасын табады.

Бөлісу