ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КІЛЕМ ҚЫТАЙ ЕЛІН ТАҢҒАЛДЫРДЫ
Қытайлықтар қазақстандық кілем өнімдеріне таңдай қағып, жоғары баға берді. Шанхай шаһарында өткен көрмеге BAL TEKSTIL фабрикасы су жаңа коллекциясын ұсынған. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер шымкенттік өнімдерге ерекше назар аударып, қызығушылық танытыпты. Сапасы мен көркіне көз тіккен олар отандық брендтің тартымды екенін айтқан.
Заманауи құралдармен жабдықталып, үздік технологияларды қолданатын ұжым өнімдері шетелдік тауарлардан бір елі қалыспайды. Тіпті сапа жағынан талай брендті сан соқтырып, жолда қалдырған. Бүгінде фабрика өнімдері ішкі нарықты толық қамтып, шетел талғампаздарын да таңғалдырып келеді. Кілемдер Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия және Ауғанстан мемлекеттеріне экспортталады.
ТАЛҒАТ ЫСҚАҚОВ, BAL TEKSTIL КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Біздің шығарған өнімдеріміздің 25–30 пайызы экспортқа шығып жатыр.» «Енді осының бәрі мемлекет тарапынан отандық өндірісті қолдаудың нәтижесі. Кез келген өндірісті аяқтан тұрғызып, әрі қарай дамыту мемлекеттік қолдаусыз қиын.» «Біздің мамандарымыздың қолынан өткен өнімдер әлемдік нарықты жаулап жатыр.»
Фабрика өнімдері биыл көктемде аспан асты елін аң-таң етті. Шанхайдағы көрмеге «Бал Карпеттің» 19 түрлі коллекциясы қойылған. Бір көргендер қайта айналып, жанарын қазақы нақыштан айыра алмай әлек болыпты. Өндіріс ошағы енді сұранысқа сай ұсыныс қатарын арттыру үшін жұмыс өнімділігін күшейткен. Фабрика 3 ауысым тоқтаусыз жұмыс істеп, ізденісін ілгерілетіп отыр.
ЕРҒАЛИ ЖАНБОЛАТҰЛЫ, ӨНДІРІС БАСШЫСЫ
– «Еуропа, Азия, Африка мемлекеттерінен қызығушылық танытып жатыр. Біздің өнімді бүкіл әлем танып-білуі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қытай нарығы өте үлкен болғандықтан, сол арқылы әлемге жол ашпақпыз.»
Фабрика былтыр 840 мың шаршы метр кілем өнімдерін сатқан. Қытайда өткен көрмеден соң сұраныс күрт өсіп, қызығушылық та едәуір артқан.
ЖАНЕРКЕ АҚМҰРАТОВА, САТУ МАМАНЫ
– «Көбі Қытайдан кілем алып жатса, біз Қытайға сатып жатырмыз. Бұл да ауыз толтырып айтар жетістік.» «Жәрмеңкеге қатысқаннан кейін өзіміздің Үрімші қаласындағы қоймамызды аштық.»
Компанияның алға қойған мақсаты айқын, межесі нақты. Олар өз өнімдерін әлемнің барлық мемлекетіне экспорттап, қазақы нақышты жаһанға танымал еткісі келеді. Ендеше, париждік отбасы шаңырағынан ұлттық ою-өрнек бедерленген кілем көріп жатсаңыз, таңғалмаңыз.