«АБАЙ ОҚУЛАРЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
«Абай оқулары» байқауының жеңімпазы – өңіріміздің өнерпазы. Батырбек Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектеп-интернатының оқушысы Асқар Абайұлы республикалық байқауда топ жарды. Айтулы күні жеңімпаз шәкіртпен арна тілшісі Кенжехан Дүйсенбі тілдесіп қайтты.
Жас дарын Асқар айтулы сайысқа көп жылдан бері дайындалғанын айтады. Бұл – оқушылар арасындағы нағыз дарындыларды анықтайтын байқау. Жалпы білім беру ұйымдарының 8–11-сынып оқушылары арасында өтетін XXVII республикалық «Абай оқулары» байқауында жүлдегер атану – талай жастың арманы. Асқар Абайұлы өңірдің абыройын асқақтатып, І орын жеңіп алып, алтын медаль иеленді.
АСҚАР АБАЙҰЛЫ, ОҚУШЫ
Түркістан облысынан бес бала бардық. Қазақстан бойынша 40-тан астам оқушы жиналды. Қазылар өнерімді жақсы қабылдады. Ақылбайдың, Шәкәрімнің, Абайдың әндерін орындадым. Бірінші орын алдым.
Бір дарынды шәкірт шығару үшін талай ұстаздың маңдай тері төгіледі. Тұлпарды құлын кезінен танитын өнер мектебінің ұстаздары Асқардай дарынды шәкірттерді балапандай баптап отыр. Өңірдің шалғай аудандары мен ауылдарынан шәкірттерді өздері таңдап, өнер мектебінде шыңдайды. Облыстық маңызы бар көркемсурет және әдеби-музыка бағыттары бойынша оқушылар дайындайды.
ГҮЛЖАЗИРА СӘРСЕНБИЕВА, БАТЫРБЕК ӨТЕП АТЫНДАҒЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН «ӨНЕР» МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫ КММ ДИРЕКТОРЫ
Биыл 56 оқушы бітірді. Оның ішінде 17 оқушы облыстық байқаулардан бірінші орын алды. Бес оқушы республикалық байқауға барып, жүлдегер атанды.
Қазіргі таңда айтыс сахнасының саңлағы атанып жүрген талай ақын – осы мектептің түлектері. Мұнда тәлім алған жастар әр салада жетістікке жетіп жүр. Батырбек Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектеп-интернатында 200-ден астам талантты жас тәлім алады. Бұл білім ұясы шалғайда жүрген оқушылардың шабытын шыңдап, өнерін өркендетіп келеді.