Негізгі Жаңалықтар САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІ ҚОЛЖЕТІМДІ

САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІ ҚОЛЖЕТІМДІ

Еңбекші ауданының сайлау учаскелері ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қабылдауға толық дайын. Мұнда әрбір сайлаушының кедергісіз дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалған. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін арнайы тактильді көрсеткіштер орнатылса, есту қабілеті төмен тұрғындар үшін құлаққаптар мен дербес компьютерлер қарастырылған. Ал тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар еш кедергісіз еркін қозғала алады. Сондай-ақ арнайы жабдықталған сайлау кабиналары жұмыс істейді.


Азат шағынауданының тұрғыны Ысқақ Айдарбеков – ерекше қажеттілігі бар азаматтардың бірі. Арбамен жүретін ол алдағы сайлауға толық дайын. Сайлаушы учаскеге арнайы келіп, мұнда жасалған жағдайды өз көзімен бақылап қайтты.


ЫСҚАҚ АЙДАРБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Стандартқа сай пандус тұр екен. Жолдары ашық, өздеріңіз де көрдіңіздер, қалай кіргенім ыңғайлы. Персоналдың барлығы жақсы, жылы лебізбен, жылы тілекпен қарсы алады. Адамды бөлмейді ешқандай. Жәшіктері жақсы, кіретін жерлері компьютермен жабдықталған. Көзі көрмейтін, құлағы естімейтіндерге де жағдай жасалған. Біз сияқты коляскамен баратындарға, жетелеп барғанға да барлығы ыңғайлы.


№243 сайлау учаскесі №68 жалпы білім беретін мектептің ғимаратында орналасқан. Мұнда 1707 дауыс беруші тіркелген. Сайлау учаскесі дауыс берушілерді қабылдауға толығымен дайын. Келушілердің барлығына қолайлы жағдай жасалған. Жалпы, Еңбекші ауданында 600-ден аса мүгедектігі бар азамат дауыс беруге құқылы.


 МАҚСАТ ТІЛЕПОВ, №243 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Біздің аудан бойынша Азат шағынауданында екі сайлау учаскесі бар. Біреуі – №243, екіншісі – №275. №243 учаске бойынша 1707 сайлаушы бар. Жалпы, жұмыс барысы 3 тамыздан бастап басталды. Қазіргі таңда шақыру қағаздары таратылып, халыққа 23 тамызда сайлау өтетіні хабарланып жатыр. Ішкі жағдай бойынша біз 100 пайыз дайын деп айта аламыз. Тактильді жолақтар, пандус, кіреберіс, «Инватакси» келсе, оған да жағдай жасалған.


Бұл жай ғана тексеріс емес, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Өйткені әрбір азаматтың дауысы – ел болашағы үшін маңызды. Ал инклюзивті қоғам құру – баршаға ортақ міндет.


Бөлісу