АБАЙ КҮНІ АУҚЫМДЫ ШАРАЛАРМЕН АТАЛДЫ
10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының туған күні. 2020 жылдан бері бұл дата Қазақстанда ресми түрде «Абай күні» ретінде аталып өтеді. Мегаполисте ұлт руханиятының темірқазығына айналған тұлғаның мерейтойы тағылымды шараларға ұласты. Таңғы шара Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
Жиында Абай мұрасының қазақ руханиятындағы орны, ақын шығармаларындағы білім, ғылым, еңбек, адамгершілік пен елдік құндылықтардың маңызы сөз болды. Гүл шоқтарын қою рәсімімен басталған шара барысында ұлы ақынның тағылымды мұрасы кеңінен насихатталды.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жалпы қазақтың бойындағы жақсы мен жаман дүниенің барлығын Абай атамыз өз шығармаларында тізіп айтты. Сондықтан Абай мұрасы біз үшін мәңгілік бола бермек. Абайды зерттеп жүрген ғалымдардың сөзі бар: «Абай қай уақытта ескіреді? Абай қазаққа ес кіргенде ескіреді» дейді.
Абай өмір сүрген кезең қазақ қоғамы үшін күрделі уақыт болды. Дегенмен ақын елдің болашағын білім мен ғылымнан, адал еңбек пен адамдық қасиеттен іздеді. Халықтың кемшілігін сынап қана қоймай, одан арылудың жолын да көрсетті. Өлеңдері мен қара сөздеріндегі тағылымды ойлар адамды өзін-өзі жетілдіруге, білім іздеуге, еңбек етуге, әділет пен ар-ұятты биік қоюға үндейді.
ӘЗІМХАН ИСАБЕК, АБАЙТАНУШЫ
Біз Абай атамыздың Шымкент қаласында жерленген төрт ұрпағын анықтадық. Мәкен апамыз жасатқан мәрмәр тасты тауып, оны бүгінгі күнге дейін ұлықтап жүрміз.
Мерекелік шара «Хәкім Абай» музейінде жалғасты. Қонақтар музейді аралап, ақынның өмірі мен шығармашылық жолына қатысты құнды жәдігерлермен танысты.
ЖАНАР ШӘМШИДИНҚЫЗЫ, «ХӘКІМ АБАЙ» МУЗЕЙІНІҢ БАСШЫСЫ
Абайдың бірнеше кітабы сақталған. Келушілер медиа бөлмеде сол кітаптарды оқиды.
Сондай-ақ «Абай әлемі» ашық есік күні ұйымдастырылды. Келушілерге «Абайдың асыл мұрасы», «Көркем әлемдегі Абай» және «Абайды оқы, таңырқа!» атты көрмелер ұсынылды. Көрмелерден ақынның әдеби мұрасы мен шығармашылығын, рухани әлемін танытатын құнды дүниелерді көруге болады.