Негізгі Жаңалықтар ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫСҚА 174 МЛН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫСҚА 174 МЛН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Заңсыз құрылыс бұзылады, заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге айыппұл салынады. Түркістан облысында жыл басынан бері жалпы 266 нысанға бақылау және қадағалау жұмыстары жүргізілген. 197 жеке кәсіпкерлік нысанының меншік иелеріне қатысты 416 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.


Өңірде заң талаптарын бұза отырып және заңсыз өз бетінше салынған 17 нысанды мәжбүрлеп бұзу бойынша сотқа талап-арыздар жолданған. Нәтижесінде талап-арыздардың 5-еуі сотта қаралуда, ал 9 нысанды бұзуға қатысты сот шешімі шыққан. Бір талап-арыз қараусыз қалдырылса, 2-еуі қанағаттандырылмаған. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 14 заңсыз құрылыс нысаны меншік иелерінің есебінен бұзылған. Заңсыз құрылыс иелерінен жалпы 173,7 млн теңге айыппұл өндірілген.


 ТАРТУ БАЙТҰРСЫНОВ, МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Егерде осы талаптарды сақтамай салған құрылыстар заңсыз құрылыс болып есептеледі.


Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жыл соңына дейін аудан, қала аумағында заң талаптарын сақтамай салынған құрылыстарға заң аясында тиісті шаралар қабылдауды міндеттеді. Сондай-ақ құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру тәртібіне сәйкес тұрақты түрде мониторинг жүргізуді тапсырды.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Аудан, қала әкімдері тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізсін. Облыста заңсыз салынған құрылыстарды заң талаптарына сәйкес келтіруді. Салып қойған құрылыстарға рұқсат құжаттарын рәсімдеп беру практикасын тоқтатуды тапсырамын.


Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының геоақпараттық порталы» ақпараттық жүйесінде «Құрылыс процестерін цифрландыру МСҚБ» бөлімі 2025 жылдың қазан айында іске қосылған болатын. Қазіргі таңда Геопортал ақпараттық жүйесіне барлығы 3 766 құрылыс нысанының ақпараты енгізілді. Аталған ақпараттық жүйе бірнеше жылдар бойы заң талаптарын бұза отырып немесе заңсыз салынған құрылыстардың нақты санын анықтауға, сонымен қатар алдағы уақытта заңсыз құрылыстардың салынуына жол бермеуге бағытталған.

Бөлісу