АБАЙ КҮНІ МУЗЫКАЛЫҚ ШЕРУГЕ ҰЛАСТЫ
Мегаполис аспаны хакім дананың әндерімен көмкерілді. Абай күніне орай «Ұлы даланың ұлы үні» атты музыкалық шеру өтті. Халық жадында сақталған әндер әуежайда әуелеп, теміржол вокзалында шарықтады. Қаладағы ірі сауда үйлерінде Абайдың әндері жанды дауыста шырқалды.
Абайдың әніне елеңдемейтін қазақ жоқ. Ән шеруін қала тұрғындары мен қонақтары ерекше ықыласпен қабылдады. Шара барысында Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен өлмес мұрасы кеңінен насихатталды.
ӘСЕТ АБУ, «ҚЫЗҒАЛДАҚ САРАЙЫНЫҢ» ӘРТІСІ
Абай атамыздың күніне қаланы аралап, әуежайдан бастадық. Одан кейін Дала молда болдық. Халықтың көңіл күйін көтердік.
Мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында «Шымкентконцерт» концерттік ұйымының талантты өнерпаздары қаланың бірнеше орталық локациясында Абай әндерін шырқады. Өнер ұжымы ұлы ақынның әндерін жанды дауыста орындап, Абайдың рухани мұрасын ұлықтады. Мәдени іс-шара қаладағы көрікті жерлерді қамтитын екі бағыт бойынша ұйымдастырылды.
БАЙКЕН ҚҰРМАНАЛИЕВ, «ҚЫЗҒАЛДАҚ САРАЙЫНЫҢ» ӘРТІСІ
Абай атамыздың өлеңін білмейтін қазақ жоқ. Қай өңірге барсақ та, алғашқы әндер Абайдың әндерінен басталады. Өзіме қатты жақыны – «Көзімнің қарасы» әні.
Бұл шара – Абай әндерінің асқақ үнін бір мезетте жаңғыртқан шаһардағы әсерлі мәдени оқиғалардың бірі. Музыкалық шеру жастарды ұлттық құндылықтарға баулып, халықты кемеңгер ақынның мұрасымен жақындастыруға және қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлауға бағытталған маңызды бастама.