Негізгі Жаңалықтар ҚОҚЫС ПОЛИГОНДАРЫ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС

ҚОҚЫС ПОЛИГОНДАРЫ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС

Түркістан облысындағы қоқыс полигондарының басым бөлігі санитарлық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Бұл өңірдегі қоршаған орта жағдайына кері әсерін тигізіп отыр. Осы олқылықтың алдын алу үшін облыста қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орындарды ретке келтіру қолға алынбақ. Ол үшін жақын орналасқан елді мекендердегі полигондарды біріктіріп, заманауи талаптарға сәйкестендіру көзделіп отыр. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте қаралды.


Түркістан облысында жалпы саны 151 полигон орны белгіленген. Оның 28-і аудандық, 37-сі ауылдық округтерге тиесілі болса, 40 полигон сенімгерлік басқаруға берілген. Жүргізілген талдау нәтижесінде облыстағы полигондардың көпшілігі санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.


 ҒАЛЫМЖАН ТӨЛЕПОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 Бір-біріне жақын орналасқан елді мекендердегі полигондарды біріктіру арқылы 51 полигонды оңтайландырып, жабу көзделген. Осыған сәйкес, 2024 жылы – 24, 2025 жылы – 18, биылғы жылдың 7 айының қорытындысымен – 4 полигон оңтайландырылса, жыл соңына дейін 5 полигонды жабу жоспарланып отыр.


 Бей-берекет қоқыс орындарын жою мақсатында «Ғарыш Сапары» АҚ жүргізген аэротүсірілімдер нәтижесінде 2025 жылы 249 заңсыз қоқыс орны анықталып, толық тазартылды. Биыл мамыр-маусым айларында 242 нүкте анықталса, шілде айында қосымша 8 нүкте тіркелген. Бүгінде аталған орындарда тазалық жұмыстары жүргізілуде. Ал қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бағыты қатаң бақылауда.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 Аудан, қала аумақтарындағы полигондарды санитарлық талаптарға сәйкестендіруді, тұрмыстық қалдық тастайтын полигон аумағын қоршау мен жабдықтауды, қалдықтардың көлемін өлшейтін арнайы таразы қоюды тапсырамын.


Бүгінде өңірде қалдықтарды қолмен сұрыптау қызметімен 15, қайта өңдеумен 5 кәсіпкер айналысады. Жауаптылар облыс аумағын 6 аймаққа бөліп, қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын жеке кәсіпкерлерді тарту жұмыстарын жүргізуде.


Бөлісу