Негізгі Жаңалықтар «ЖҮРЕК КӨЗІ АШЫЛСА»

«ЖҮРЕК КӨЗІ АШЫЛСА»

Қамшы мен қаламды қатар ұстаған жазушы, ақын, халық емшісі Жаңыл Жұмабекқызының «Жүрек көзі ашылса» атты жыр жинағы жарық көрді. 50 жылға жуық уақыт бойы дәстүрлі әдіспен емшілік жасап келе жатқан қаламгер жаңа туындысына өмірде кездескен шым-шытырық оқиғаларды арқау еткен.

Кітаптың тұсаукесеріне келген зиялы қауым өкілдері ақынның шығармашылық қабілеті жайында сөз қозғады. Жаңа туындыға оң бағасын беріп, оның оқырман жүрегінен орын алатынына сенім білдірді.

МАРҒҰБА МҰХТАРҚЫЗЫ, АҚЫН-ЖАЗУШЫ
«Жүректен шыққан оның жырлары жүрекке жетері анық. Өйткені кез келген уақытта шын жүрекпен жазылған жыр ескерусіз қалмайды.»

Жаңыл Жұмабекқызының бұған дейін 7 кітабы жарық көрген. Көбіне емшілік әдіс-тәсілдері жайында ой қозғайтын қаламгер бұл жолы да жұмыс барысында кездескен оқиғаларды жырға қосыпты. Табиғат, адамгершілік пен ізгілік жайында өрілген өлеңдері де туындының мазмұнын байыта түскен.

ЖАҢЫЛ ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, АҚЫН-ЖАЗУШЫ
««Жүрек көзі ашылса» кітабында қоғамда кездесетін әртүрлі тақырыптар қозғалған. Ер мен әйел арасындағы түсініспеушілік сынды мәселелер көтерілген.»  «Негізгі жеткізгім келген ойды өлеңмен өріп шықтым.»

Ақынның жырлары қалың оқырманға жақсы таныс. Өлеңдеріне 30-ға жуық ән жазылып, ел алдында шырқалып келеді. Кеш барысында артынан ерген шәкірттері мен үзеңгілес достары арнау айтып, ізгі тілектерін білдірді.





Бөлісу