Негізгі Жаңалықтар ХҚКО-ҒА ЖҮГІНУ 30%-ҒА АЗАЙДЫ

ХҚКО-ҒА ЖҮГІНУ 30%-ҒА АЗАЙДЫ

Көлікті тіркеу, жер телімі мен жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарды рәсімдеу. Мұның бәрін енді онлайн жүргізуге болады. Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшіру қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында офлайн қызмет алушылар саны азайған. Бұрынғыдай ұзын-сонар кезек те жоқ.


Енді азаматтар үйден шықпай-ақ, бірнеше батырманы басу арқылы қажетті қызметтерді жылдам ала алады. Бұл уақытты үнемдеп қана қоймай, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінетін азаматтар саны 30%-ға төмендеген. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, халық арасында сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер кезең-кезеңімен онлайн форматқа көшіріліп жатыр. Көлікті алғаш рет тіркеу, жер учаскелеріне акт беру және жылжымайтын мүлікке кадастрлық паспорт беру сияқты қызметтер де онлайн форматта қолжетімді болды. Электрондық цифрлық қолтаңба беру және тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметтері бүгінде республика бойынша толықтай онлайн көрсетіледі. Министрдің сөзінше, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында оператордың көмегіне жүгіну қажеттілігі де азайған. Көпшілік мемлекеттік қызметтерді орталықтардағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы өз бетінше алады.

Бөлісу