АБАЙ – ӘЛЕМДІК МӘДЕНИЕТ ТҰЛҒАСЫ
Шымкенттіктер әлемдік мәдениеттің ұлы тұлғасы Абай күнін апта бойы атап өтті. Ауқымды шара «Абай әлемі» байқауымен басталып, кітапхана мен мұражайларда шығармашылық кештермен ұласты. Ақын-жазушылар мен жастар Абайдың ескерткішіне гүл қойып, рухына тағзым жасады. Апталық ұлт тұлғасының бірегей мұрағаттық құжаттары мен қолжазбалары сақталған Хакім Абай мұражайында жалғасты. Ақынның туған күніне орай ұйымдастырылған кеш Шымсити саябағында өткен концертпен қорытындыланды.
Абай апталығы ақынның туған күніне орай кешке Шымсити саябағында жалғасты. Ашық аспан астындағы сахнада қойылған «Адамзаттың перзенті – ұлы Абай» атты танымдық кеште ақынның махаббатқа толы өмір мен адам жаны туралы өлеңдері, қара сөздері оқылып, шығармалары насихатталды.
Темірхан Әбжәмілов ақынның шығармашылық кешіне жары екеуі келіпті. Ол жастайынан әлемдік мәдениеттің ұлы тұлғасы Абайдың шығармалары мен қара сөздерін оқып өскен. Ақынның әрбір туындысында ұрпақ тәрбиесі мен ұлт өркениетінің нағыз даңғыл жолы көрініс тапқан. Бүгінгі ұрпақ Абай шығармаларын көбірек оқып, содан тәлім алса игі. Ақынның өлеңдерін ел ішінде кеңінен насихаттау өте құптарлық жағдай, дейді қала тұрғыны.
ТЕМІРХАН ӘБЖӘМІЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Біз Абайдың өлеңдерін оқып өстік. Жастар сол ақынның өлеңдерінен тағылым алып, білімді болып өсуі керек. Оның шығармаларын насихаттау өте дұрыс деп ойлаймын.
Абай күніне арналған апталық «Абай әлемі» байқауымен басталды. Кітапханалар мен музейлерде шығармашылық кештер өтті. Шымкенттік өнерпаздар теміржол вокзалы мен әуежайда, қоғамдық орындарда Абай әндерінен шеру өткізіп, ақынның шығармаларын насихаттады. Ауқымды шара ақынның туған күніне орай рухына тағзым етумен басталып, кешке көпшілікке арналған мерекелік концертке ұласты.
МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Шымсити саябағында Абай Құнанбайұлының әндері мен өлеңдерінен біріктіріліп жасақталған концерттік бағдарлама ұсынылуда. Бұл концерттік бағдарлама аясында сахналық қойылымдар, әндер орындалып, қара сөздер оқылатын болады.
Шымкенттік өнерпаздар мен бишілер көпшілікке естен кетпес керемет көңіл күй сыйлады. Жастар Абайдың қара сөздерін оқыды. Қаладағы өнер ұжымдары Абай шығармаларын арқау еткен театрлық қойылым көрсетті. Осылайша «Абай күні» апта бойы кеңінен насихатталды.