Негізгі Жаңалықтар ТІСІМЕН 18 ТОННА СҮЙРЕП, РЕКОРД ОРНАТТЫ!

ТІСІМЕН 18 ТОННА СҮЙРЕП, РЕКОРД ОРНАТТЫ!

Шымкенттік спортшы 18 тонналық автобусты тісімен сүйреп, әлемдік рекорд орнатты. Артық Досалиев алып көлікті 20 метрге жалғыз өзі, ешқандай қол көмегінсіз сүйреп өтті. Осылайша ол бұған дейінгі нәтижеден асып, бірден төрт рекордты жаңартқан. Пауэрлифтингтен әлем және Азия чемпионы бұл жетістікке алты ай бойы дайындалған. Балуанның тарихи рекорды қалай орнағанын Қанат Жолдасбек айтып береді.

ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Мына 18 тонналық автобусты қозғалту үшін сом денелі 20 адамның білек күші қажет. Ал Артық Досалиев алып көлікті жалғыз өзі, қол көмегінсіз-ақ, 20 метрге тісімен сүйремек. Міне, ол іске кірісті. Оның әрекетін әлемдік рекордтар кітабының хатшылары бақылап отыр. Үдесінен шықса, үздіктер қатарына тіркеледі.

Алып батыр мақсатына жетті. 18 тонналық жүкті 20 метрге сүйреп, әлемдік рекорд орнатты. Бақылаушылар тапсырманың таза әрі әділ орындалғанын растап, нар тұлғаның кеудесіне төсбелгі тақты.

 ҚУАНДЫҚ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, GBR АЗИЯ ЖӘНЕ АФРИКА ЕЛДЕРІ БОЙЫНША ӘЛЕМДІК РЕКОРДТАРДЫ ТІРКЕУШІ БАС ОФИЦЕРІ
«Ресми тәртіп бойынша қауіпсіздікті сақтап, жүргізуші көлік ішінде отырды. Вакуумдық тежеу жүйесін басып үлгеруі керек. Тек оталдыру жүйесі қосылып тұрды. Қозғалтқыш қосылған жоқ. Оны бақыладық. Тек жақтың күшімен тартты. Бір емес, төрт рекордты бұзды.»

 Артық Досалиев жетістігін күш атасы Қажымұқанға арнады. Бұған дейін бұл рекорд мысырлық, украиналық және ресейлік атлеттерге тиесілі еді. Олар 15 тонналық жүкті 10 метрге тарта алған. Ал қазақстандық спортшы қарсыластарынан 3 тонна артық салмақты 2 есе ұзақ қашықтыққа сүйреді. Ол бұл әдіске 6 ай бойы тыңғылықты дайындалған.

АРТЫҚ ДОСАЛИЕВ, ӘЛЕМДІК РЕКОРД ИЕГЕРІ
«Енді 17 тоннадан үлкен автобус жоқ деп ойлаймын. Одан басқа спортшылар асып өтіп жатса, одан да асып өтіп, әлемде бірінші болуға тырысамыз.»

Кейіпкеріміз пауэрлифтингтен 5 дүркін әлем, 8 дүркін Азия чемпионы. Бұған дейін ол 120 тонналық теміржол вагонын 22 метрге сүйреп, Қазақстан рекордтар кітабына енген. Бұл жолғы нәтижесі әлемнің 103 елі мүше World Book of Records тізіміне тіркелді. Дүлей күш иесі мұнымен тоқталмайтынын айтады. Алдағы уақытта ол кеудесіне 260 келілік табиғи тас қойып, оны темір құралдармен сындырмақ.

Бөлісу