Негізгі Жаңалықтар ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Құрылыс - ел келбетін қалыптастыратын маңызды саланың бірі. Жаңа үйлер мен әлеуметтік нысандардың бой көтеруі, қалалардың жаңаруы – осы сала мамандарының маңдай терімен тікелей байланысты. Түркістанда кәсіби мереке қарсаңында құрылысшылардың еңбегі ұлықталып, сала үздіктеріне құрмет көрсетілді.


Іс-шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, құрылыс саласында қолданылатын заманауи техника мен құрал-жабдықтар, құрылыс материалдары мен арнайы аппараттар көпшілік назарына ұсынылды. Облыс әкімі құрылыс саласының ардагерлерімен бірге көрмені аралап, ұсынылған құрал-жабдықтармен танысты. Көрмеде құрылыс компаниялары өздерінің әлеуетін таныстырды.


 АЙЗАТ ЕРГЕШОВА, «ТҮРКІСТАН БЕТОН» КОМПАНИЯСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ
Компанияда бетон плиталарын шығаратын зауытымыз бар. Зауыт Кентау қаласында орналасқан. 30-дан астам адам жұмыс істейді.


Бұл күні облыс әкімі құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосып, кәсіби шеберлігімен танылған бірқатар сала мамандарын марапаттады. Сонымен қатар облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов құрылыс саласында еңбегімен дараланған бірқатар маманға марапаттар табыстады.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 Қай уақытта да құрылыс саласы – ел дамуының драйвері екендігі мәлім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құрылыс саласын дамытуға ерекше мән беріп келеді. Президент тұрғын үй құрылысының көлемін арттырумен қатар, құрылыс сапасы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Сондай-ақ саланы цифрландыру мен ашықтықты арттыруды негізгі міндеттердің бірі ретінде белгілеп отыр.


 Айта кетейік, 2026 жылдың алты айының қорытындысы бойынша өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 306,7 млрд теңгені құрап, 25,5 пайызға артты. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 475 мың шаршы метрге жетіп, өсім 8,3 пайызды құрады. Мерекелік жиында концерттік бағдарлама ұсынылды. Облыс өнерпаздары сахнада ән мен күйден шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.


Бөлісу