ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?
Шымкентте жаңа оқу жылында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына қаржылай қолдау көрсетіледі. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің брифингінде айтылды. Биыл іске қосылған «QOSYMSHA» автоматты жүйесі ата-аналардың әлеуметтік ахуалын растаса, әр балаға 50 851 теңгеден төленеді. Бұл қаржыға олар мектеп формасы мен қажетті оқу құралдарын сатып ала алады. Бұдан өзге тағы қандай өзгерістер бар? Тілші тарқатады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Биылғы басты жаңашылдық – әлеуметтік көмекті тағайындау жүйесінің толық цифрландырылуы. Бұған дейін отбасылардың әлеуметтік мәртебесін анықтау кезінде қиындықтар туындап, төлемдер негізсіз беріліп келген. Енді 25-ке жуық мемлекеттік ақпараттық жүйенің деректері біріктіріліп, азаматтардың материалдық жағдайы автоматты түрде тексеріледі.Мәліметтер «QOSYMSHA» жүйесі арқылы сараланып, қаржы белгіленген талаптарға сай келетін отбасыларға ғана аударылады. Алайда биыл жаңа жүйе арқылы берілген 50 мыңнан астам өтініш мақұлданбаған. Себебі, кейбір отбасылардың екінші санатқа жататыны расталмаған. Осыған байланысты министрлік те өтінімнің неліктен талапқа сай еместігін жеке кабинет арқылы көрсету тетігін әзірлеп жатыр.
ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Биылғы жылдан бастап Шымкент қаласында қаржылық және материалдық көмекке өтінім беру процесі «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге жүйеге 78 543 өтініш келіп түсті. Оның 18 927-і қаралуда,9 612 өтініш бойынша көмек тағайындалып, төлем күтілуде. Ал, 50 004 өтініш бойынша қаржылық және материалдық көмек тағайындаудан бас тартылды.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Жалпы, мегаполисте мұндай қаржылай қолдау алатын оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы қалада 46800 бала қамтылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 57 мыңға жеткен еді. Ал бұл жылы 66 мыңға дейін ұлғайып отыр.
ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне келесідей санаттар бойынша қаржылық және материалдық көмек көрсетіледі:мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға; отбасыларда тұратын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға; төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға; білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, бағыттау мен бөлу тәртібін айқындайды.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Сонымен қатар, жаңа оқу жылында еліміздің білім жүйесінде бірқатар ауқымды өзгерістер орын алмақ.Мектеп бағдарламасына жасанды интеллект технологиялары енгізіліп, білім ордаларында тәрбиелік жұмыс «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Жасыл мектеп» экологиялық жобасы аясында жүргізіледі.