Негізгі Жаңалықтар ТҮРКІСТАНДА 12,3 МЛН КӨШЕТ ӨСІРІЛУДЕ

ТҮРКІСТАНДА 12,3 МЛН КӨШЕТ ӨСІРІЛУДЕ

Түркістан облысы жасыл желекке айналып келеді. Өңірде көгалдандыру жұмыстары қарқын алып, жаңа ағаштар отырғызылып, тұқымбақтарда миллиондаған көшет өсірілуде. Мемлекет басшысы республика көлемінде 2 млрд ағаш отырғызу міндетін қойған. Осы мақсатта Түркістан облысында 2021-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітіліп, орман қоры аумағындағы 110 мың гектар жерге 170 млн дана көшет егу көзделген. Оның алғашқы кезеңі бойынша жоспарланған жұмыс межеден асып, 2021-2025 жылдары 96 мың гектарға 146 млн дана көшет егілді. Нәтижесінде жоспар 116 пайызға орындалды.


Жасыл желекті көбейту үшін жұмыс жыл он екі ай тоқтаған емес. Биыл наурыз айында өңірдегі 13 600 гектар аумақта жер жыртылып, көшет егуге дайындалды. Алдағы маусымдарға да жоспар айқын. 2026 жылдың күзінде 509 700 дана, 2027 жылдың көктемінде 530 600 дана көшетті елді мекендер мен аудан-қалаларға босату көзделген. Сонымен қатар көктемгі кезеңде 4 318 келі тұқым себілді. Күзде тағы 6 498 келі тұқым себу жоспарланып отыр.


ҒАЛЫМЖАН ТӨЛЕПОВ, ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 Жоспарға сәйкес 2025-2026 жылдары 146 млн дана көшет егілді. Жоспар 116 пайызға артығымен орындалды. 2026-2027 жылдары қалған 24 млн дана көшет егу жұмыстары толығымен атқарылады.


Көгалдандыру - тек көшет отырғызумен шектелмейді. Оның жерсініп, жайқалып өсуі де маңызды. Осыған байланысты облыс әкімі жауапты тұлғаларға тұқымбақтардағы жұмыстарды күшейтіп, отырғызылған көшеттерді күтіп-баптауды жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Тұқымбақтарға сапалы көшеттерді егу, отырғызылған ағаштарды суғару және желден қорғау жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырамын.


Өңірдің елді мекендерін көгалдандыру үшін биыл 1 млн дана көшет отырғызу жоспарланған. Оның 332 500 данасы көктемгі маусымда егілді. Ал өткен жылы облыс аумағында 1 065 139 дана түрлі ағаш көшеті отырғызылған. Жасыл желекті көбейтуде тұқымбақтардың да үлесі зор. Қазір басқармаға қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелерде жалпы аумағы 250 гектарды құрайтын 14 тұрақты тұқымбақ жұмыс істейді. Мұнда ағаш-бұталардың 21 түрінен 12,3 млн дана көшет өсірілуде. Бұл көшеттер - өңірдің ертеңгі жасыл белдеуі. Бүгінгі еңбек – ертеңгі таза ауа мен көрікті Түркістанның кепілі.


Бөлісу